
Көкшетауда алғаш рет әйелдер командалары арасында Ақмола облысы әкімінің кубогына арналған жағажай волейболынан халықаралық турнир өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, спортшыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тіледі.
Жаңа жағалау-2 жағажай алаңында өткен тартысты жарысқа Астана, Алматы, Омбы (Ресей Федерациясы) және Ақмола облысының командалары қатысты. Жеңіс үшін барлығы 12 команда бақ сынады. Ақмола облысының намысын Көкшетау қаласы мен Қорғалжын аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орынды барлығын Алматы қаласындағы «Алатау» волейбол клубының командалары иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша үздік деп танылған төрт спортшыға ақшалай сыйақылар табысталды.
Айта кетейік, облыстың спорт қауымдастығы өңір басшысының жағажай волейболы турнирін жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру туралы ұсынысын қолдады.