
Ақмола облысында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Оған облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Көкшетау қаласындағы Копа көлінің жаңартылған жағалауында өткен шараларға 20 мыңнан астам ақмолалық жасөспірім 20 бағыт бойынша қатысты.
Салтанатты жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде өңір басшысы өскелең ұрпаққа қамқорлық жасау, балалардың өмір сүруі, тәрбиесі мен дамуы үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Осы мерекелі күні біз жаңартылған жағалауды ашып отырмыз. Бұл оқиғаның Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келуі символдық мәнге ие, өйткені біз бүгін жасап жатқанның бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалуда. «Жаңа жағалау-2» жобасы қаланың заманауи қоғамдық кеңістіктерінің жалғасы болды. Мұнда демалыс пен белсенді уақыт өткізуге қолайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасалған.
Балаларымыздың жүзінен ешқашан күлкі кетпесін, олар дені сау, мақсатшыл әрі талантты болып өсіп, жаңа биіктерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жете берсін. Әрбір бала қамқорлыққа, мейірім мен махаббатқа бөленіп, олардың өмірі бақытқа, қуанышқа және жарқын сәттерге толы болсын», – деді Марат Ахметжанов.
Зияткерлік, спорттық және шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болған ақмолалық оқушыларға алғыс хаттар табысталды. Бірқатар білім беру, мәдениет және медицина мекемелеріне автомобиль сатып алуға сертификаттар берілді.
Мереке аясында өңір тұрғындары үшін маңызды оқиға да өтті – әлеуметтік осал 22 отбасы жаңа пәтерлердің кілттерін алды. Жаңа қоныс иелерін құттықтаған Марат Ахметжанов мемлекет азаматтардың әл-ауқатын нығайтуға және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды жалғастыратынын атап өтті.
Балалар мен олардың ата-аналары үшін мазмұнды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды: балалар шығармашылық ұжымдарының қойылымдары, шығармашылық алаңдар жұмыс істеді, спорттық жарыстар мен ойын-сауық шаралары өтті.