
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шортанды ауданындағы «Saghym-Biday GCK» ЖШС егістік алқаптарында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті.
Аудан әкімі Сағындық Шабаров өңір басшысына көктемгі егіс жұмыстары аяқталғанын, яровой егіс алаңы 249,6 мың гектарды құрағанын, бұл ретте майлы дақылдар алқабы ұлғайып, дәнді және малазықтық дақылдар азайтылғанын баяндады. Егіс науқаны тұқыммен толық қамтамасыз етілген, негізгі дайындық жұмыстары жүргізілген: ылғал жабу және егіс алдындағы топырақ өңдеу. «Кең Дала - 2» бағдарламасы аясында 32 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 5,6 млрд теңге көлемінде қаржыландыру берілген.
Кәсіпорын директоры Бауыржан Есілбаев өңір басшысын шаруашылықтың қызметімен, егіс жұмыстарының барысымен және өндірістік көрсеткіштерімен таныстырды. «Saghym-Biday GCK» ЖШС 2022 жылы құрылған және өсімдік шаруашылығына маманданған. Егіс алқабы 15 мың гектарды құрайды, оның негізгі бөлігі бидайға тиесілі, алайда кәсіпорын сонымен қатар жасымық, зығыр, күнбағыс және дәнді дақылдар қоспасын өсіреді.
Кездесу барысында көктемгі егіс науқанын жүргізу, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сондай-ақ аграрлық секторды мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері талқыланды. Марат Ахметжанов заманауи агротехнологияларды енгізудің және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Аграрлық сектор өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Өнімділікті арттыру және егіс құрылымын әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығының мүмкіндіктерін пайдаланыңыздар, сорттарды жаңартыңыздар. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпаңыздар», – деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста көктемгі егіс жұмыстары 82% аяқталған.