Ақмола облысының үш ауданында әлеуметтік сала жобаларының іске асырылуы талқыланды

Ақмола облысының үш ауданында әлеуметтік сала жобаларының іске асырылуы талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жұмыс сапарымен Шортанды, Бұланды және Ақкөл аудандарына барып, әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен, жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен танысып, азаматтарды жеке қабылдады.

Шортанды ауданында Алтынай Әміренова аудандық аурухана стационарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Негізгі бағыттар бойынша жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Бірінші қабатта қабырғаларды гипсокартонмен қаптау жұмыстары аяқталған, бөлмелерді әрі қарай әрлеуге дайындау жұмыстары жалғасуда. Екінші және үшінші қабаттарда терезе блоктарын орнату жүргізілуде. Сонымен қатар, желдету жүйесін тарту жұмыстары аяқталған.

Бұланды ауданында әкімнің орынбасары реновация бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысты, сондай-ақ Степгеология аумағындағы жаңа саябаққа барды. Бұдан бөлек, «Балуан Шолақ» коммерциялық тұрғын үй кешені тексеріліп, салынған тұрғын үйлердің сапасына ерекше назар аударылды.

Ақкөл ауданында денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту мәселелері қаралды. Негізгі назар аудандық аурухананы күрделі жөндеуге аударылды.

«Жөндеу жұмыстарының бекітілген мерзімдерін қатаң сақтау және әр кезеңде құрылыс сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет. Барлық жұмыстар жобалық құжаттамаға және белгіленген стандарттарға сәйкес орындалуы тиіс. Мерзімдер мен сапаға бақылау тұрақты түрде жүргізілетін болады», – деп атап өтті Алтынай Әміренова.

Әр ауданда азаматтарды жеке қабылдау барысында мектептерге күрделі жөндеу жүргізу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер қаралды. Барлық өтініштер бақылауға алынып, аудан әкімдері мен уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берілді.