Бурабай ауданында сүт кластері кеңейіп келеді

Бурабай ауданында сүт кластері кеңейіп келеді

Ақмола облысында агроөнеркәсіптік кешен саласында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бурабай ауданындағы Burabay Milk компаниясының сүт-тауарлы фермасы мен сүт зауыты құрылысының барысымен облыс әкімі Марат Ахметжанов танысты.

Жоба 1440 бас ірі қара малға арналған сүт-тауарлы ферма құрылысын қамтиды. Ол қайта өңдеу кәсіпорны үшін негізгі шикізат базасына айналады.

Фермада АҚШ, Нидерланд және Германия өндірісіндегі сауу каруселі, жануарларды жайлы ұстау жүйесі, сүт блогы және жемшөп цехының жабдықтары орнатылады деп жоспарланған. Сонымен қатар ферма температураны, ылғалдылықты, жарық деңгейін және ғимараттардағы газдардың концентрациясын автоматты түрде реттейтін интеллектуалды микроклиматты басқару жүйесімен жабдықталады.

Болашақ зауыттың қуаттылығы бір ауысымда 30 тоннаға дейін, ал тәулігіне 50 тоннадан астам сүт өңдеуге мүмкіндік береді. Шикізатты қабылдаудан бастап жабдықтарды санитарлық өңдеуге дейінгі барлық өндірістік процестер бірыңғай цифрлық басқару жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақыланады.

Өндірілетін өнім түрлеріне ауыз сүті, йогурттар, сүт коктейльдері, айран, қаймақ, сүзбе және крем-чиз кіреді. Алғашқы кезеңде өнімнің негізгі өткізу нарығы Қазақстанның ішкі нарығы, ең алдымен елордалық өңір мен елдің солтүстік облыстары болмақ.

«Қазір өңірде сүт пен етті қайта өңдеу саласындағы жобалар белсенді дамып келеді. Өндіріс көлемінің өсіп жатқанын көріп отырмыз, сондықтан аймаққа заманауи қайта өңдеу кәсіпорындары қажет. Бұдан бөлек, бұл – тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу деген сөз. Тек бір кәсіпорынның өзінде шамамен 170 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Біздің міндетіміз – тек зауыттарды іске қосу ғана емес, олардың айналасында фермерлік және жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдайтын толыққанды өндірістік кластерлер қалыптастыру», – деді Марат Ахметжанов.