Ақмола облысында құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Ақмола облысында құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында құрылыс және жол-құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері қаралды. Диалогқа мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың, сондай-ақ құрылыс, жол-құрылыс салалары мен Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Негізгі назар өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелеріне аударылды. Соңғы үш жылда өңірдің 18 кәсіпорнында құрылыс жұмыстары барысында жазатайым оқиғалар тіркелген. Жыл басынан бері облыста өндіріске байланысты 25 жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 27 адам зардап шекті. Оның ішінде 3 жағдай өліммен аяқталды.

Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Ерлан Әбжатов еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері жүйелі тәсілді және жұмыс берушілер тарапынан жоғары жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, нұсқамаларды уақытылы өткізу, қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және өндірістік процестерге тұрақты бақылау жүргізу өндірістегі жазатайым оқиғалардың туындау қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмыс берушілердің мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, міндетті төлемдерді уақытылы орындау, инфрақұрылымдық жобалар аясында жұмыс орындарын құру, көші-қон заңнамасын сақтау және құрылыс саласына кадрлар даярлау мәселелері қаралды.

«Мемлекет басшысы өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға жүйелі түрде қарау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша айлық өткізу қажет. Оның қорытындысы бойынша жағдайды жақсарту үшін жұмыс берушілерге тиісті ұсынымдар беріледі», – деп қорытындылады Алтынай Әміренова.