
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Есіл ауданына жұмыс сапары барысында Юбилейное ауылындағы инфрақұрылымдық өзгерістермен танысты.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бүгінде елді мекенде инженерлік-коммуникациялық желілер мәселесі толық шешілген. Ауылдағы 190 жеке тұрғын үйдің әрқайсысы орталықтандырылған ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз етілді. Осы мақсатта заманауи газ тарату станциясы пайдалануға беріліп, ұзындығы 11 шақырымнан асатын ауылішілік газ желілері тартылды.
«Тұрғын секторды сумен және газбен толық қамтамасыз ету ауылдағы өмір сапасын түбегейлі өзгертеді, тұрғындардың көп жылдан бері шешілмей келген тұрмыстық мәселелерін күн тәртібінен алып тастайды. Елді мекеннің барлық коммуналдық инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеп тұр және ұзақ мерзімді пайдалануға толық дайын», – деді «Ново-Приречное» ЖШС директоры Валерий Тюркин.
Коммуналдық желілерді дамыту жұмыстарымен қатар Юбилейное ауылында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Өңір басшысы 2800 шаршы метр аумақта жаңа жаяу жүргіншілер аймағы салынған орталық алаңды аралап көрді. Сондай-ақ іргелес аумақта балалар ойын алаңы жасақталып, спорттық жаттығулар мен мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған жаңа стадион ашылды.
«Бұл жерде әрбір үйге су мен газдың тартылуы, сондай-ақ заманауи спорттық және демалыс инфрақұрылымының дамуы ауыл өмірінің мүлде жаңа стандартын қалыптастырып отыр. Бизнес өкілдерімен бірлескен ортақ міндетіміз – осындай жобалар арқылы қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты біртіндеп жойып, әрбір ақмолалыққа өмір сүру мен еңбек ету үшін барынша қолайлы жағдай жасау», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.