
Өңір басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Есіл ауданындағы «Ново-Приречное» ЖШС егіс алқаптарында 45 ауыл шаруашылығы құрылымы басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандарының әкімдері егіс науқанының қарқыны, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету және техникалардың дайындығы туралы баяндады.
Әңгіме барысында агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың бұрын-соңды болмаған шараларына ерекше назар аударылды. Оның нәтижелері арнайы көрме алаңында таныстырылды. Биылғы маусымда диқандар арасында «Кең Дала-2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы үлкен сұранысқа ие. Шаруашылықтардан түскен өтінімдер пулы белсенді түрде қаржыландырылып, аграршыларды қажетті айналым қаражатымен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.
Кеңестен кейін Марат Ахметжанов «Ново-Приречное» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралап көрді. Қазіргі таңда мұнда болашақ өнімнің негізі қалануда. Көктемгі егіс көлемі 33,6 мың гектардан асады. Егістік алқаптарының басым бөлігін азық-түлік бидайы алып жатыр – оған 29 мың гектардан астам жер бөлінген. Қалған аумаққа арпа, сұлы, күнбағыс және бұршақ дақылдары егілген.
Өңір басшысына серіктестіктің салынып жатқан тұқым тазарту желісі таныстырылды. Бұл жоба өңірдегі тұқым қорының сапасын едәуір арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
«Құрылыс жұмыстары толықтай «Ново-Приречное» ЖШС қаражаты есебінен жүргізілуде. Біз әлемге танымал Cimbria маркалы технологиялық жабдық орнаттық. Кәсіпорынның өндірістік қуаты сағатына 10 тонна тұқым өңдеуге жетеді. Пайдалануға беру актісін биыл алуды жоспарлап отырмыз», – деді «Ново-Приречное» ЖШС директоры Валерий Тюркин.
Облыс әкімі орталық астық қабылдау пунктінің жұмысымен танысып, мұнда арпа үлгілері мен заманауи технологиялар арқылы өңделген тұқымдар көрсетілді.
Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған. Қазіргі таңда заманауи тракторлар, жүк көліктері мен трактор тіркемелері жоғары жүктемелерге дайын. Әрқайсысының сыйымдылығы 4 мың тоннаны құрайтын 9 астық қоймасы жұмыс істейді. Бұл бір мезетте 36 мың тоннаға дейін астықты ысырапсыз сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінгі күні облыс бойынша 2,2 млн гектар жерге егін егілді, бұл жалпы жоспарланған көлемнің 41%-дан астамын құрайды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 76,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.