
Өңір басшысы Марат Ахметжановтың Атбасар ауданына жұмыс сапары барысында ол «Әріп-Агро» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралады. Аталған шаруашылық жоспардан озып, 9,2 мың гектар жерінің жартысынан астамын егіп үлгерген. Оның ішінде 35%-ы майлы дақылдарға, 25%-ы бұршақты дақылдарға және 40%-ы дәнді дақылдарға бөлінген. Мұнда бидай мен арпадан бөлек, экспортқа бағытталған «Белуга» сұрыпты қара жасымыққа да басымдық берілуде.
«Егіс науқанын 6 мамыр күні күнбағыстан бастадық, қазір алқаптың шамамен 60%-ы егілді. Жұмсақ және қатты бидай, арпа, сұлы, сондай-ақ Түркияға экспортталатын жасымық егудеміз. “Кең Дала-1” және “Кең Дала-2” мемлекеттік бағдарламаларын пайдаланамыз, арзандатылған дизель отынын алып, аммофос бойынша келісімшарт жасадық. Ең бастысы – топырақтағы ылғал қоры жақсы, 80 сантиметрден 1 метрге дейін жетеді, әзірге көктеп шығуға ылғал жеткілікті», – деді «Әріп-Агро» ЖШС директоры Ғалымжан Әріпов.
Келесі нысан – егіс алқабы 31,5 мың гектардан асатын «Шуйское-ХХІ» ЖШС болды. Мұнда 17 450 гектар жерге бидай, ал 4 000 гектарға арпа егу жоспарланған. Көктемгі науқанның қызған шағында мұндай көлемдегі жұмысты шаруашылық қуатты егіс техникасының және агротехникалық мерзімдерді қатаң сақтаудың арқасында тиімді жүргізуде.
«Бүгінгі таңда Атбасар ауданында 192 мың гектар жерге егін егілді, бұл жалпы жоспардың шамамен 42%-ын құрайды. Далалық жұмыстарға 632 трактор, 987 сепкіш және 125 егіс кешені жұмылдырылған. Барлық жұмыстар ұйымдасқан түрде жүргізілуде, жанар-жағармай мен техниканың жеткіліктілігі егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді», – деп баяндады Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов.
Сапар қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов атбасарлық диқандардың жұмысына оң баға беріп, мемлекет фермерлерге барынша қолайлы серіктестік жағдай жасап, оларды түрлі тәуекелдерден қорғап отырғанын атап өтті.
«Бүгінде өңірде егіс жұмыстары 40%-дан астам орындалды, біз республика бойынша егіс қарқыны жөнінен көш бастап тұрмыз. Мемлекет тарапынан агросекторды дамыту үшін барлық жағдай жасалуда, соның ішінде жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер және “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі. Фермерлерге егіс жұмыстарын тезірек аяқтап, мол өнім алуды тілеймін. Өз тарапымыздан барлық өзекті мәселелерді шешуді жалғастырамыз, оның ішінде мердігерлермен бірлесіп егістікті киіктерден қорғау жұмыстарын жүргіземіз. Серіктес ретінде қолдан келгеннің бәрін жасаймыз және аграршылардың барлық ұсыныстарын алдағы жұмыста міндетті түрде ескереміз», – деп түйіндеді өңір басшысы.
Айта кетейік, биылғы маусымда өңірде 5,4 млн гектар жерге жазғы егіс егіледі. Негізгі басымдық әртараптандыруға берілген: дәнді дақылдардың көлемі оңтайландырылып, майлы дақылдардың алқабы 600 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Жеңілдетілген несиелеу мен «Aqmola Digital» орталығы арқылы жүргізілетін цифрлық мониторингтің арқасында егіс науқанын оңтайлы мерзімде аяқтау жоспарланып отыр.