
Ақмола облысында облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Оған ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, облыстық мәслихаттың өкілдері, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі және адам құқықтары жөніндегі уәкілдердің өкілдері қатысты.
Кеңес барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға дер кезінде әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетудің өзекті мәселелері қаралды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Ақмола облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы Ақыл Қарпықбаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тек құқықтық ден қою шараларын ғана емес, сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, отбасы институтын нығайтуды және қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік ахуалын қалыптастыруды қамтитын кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті. Алдын алу жұмыстарына құқық қорғау органдары, пробация қызметтері, әкімдіктер, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары тартылған.
Өңірде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Онда отбасылық қолайсыздықты ерте анықтауға, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға дер кезінде әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетуге ерекше назар аударылады.
«Жауапты мемлекеттік органдар қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуі қажет. Тек үйлесімді әрі жүйелі жұмыс арқылы ғана азаматтардың құқықтарын қорғауды, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау мен олардың алдын алуды қамтамасыз етуге болады», – деп қорытындылады Алтынай Әміренова.
Айта кетейік, өңірде 11 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда азаматтар жұмысқа орналасу, жәрдемақы алу және тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша көмекке жүгіне алады. Орталықтар жанынан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысатын және атаулы көмек көрсететін 144 мобильді топ құрылған. Жыл соңына дейін Аршалы ауданында тағы бір осындай орталық ашу жоспарлануда.