Ақмола облысында Германиямен серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды

Ақмола облысында Германиямен серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды

Германия Федералдық үкіметінің уәкілі Бернд Фабрициус облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановпен кездесті. Тараптар ынтымақтастық пен білім саласындағы әріптестікті талқылады.

«Аймақта неміс кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі жоғары бағаланады. Біз оқу орындары арасындағы серіктестікті кеңейтуге, тағылымдамалар ұйымдастыруға және заманауи өндіріс үшін мамандар даярлауға мүдделіміз. Бүгінгі таңда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде білім беру бағдарламасы бойынша 28 студент неміс тілін үйренуде, оның ішінде 13-і облыс әкімінің грантын иеленді», – деп атап өтті Елдос Рамазанов.

Тараптар өңірде мәдениет пен білімнен бөлек, ынтымақтастық орнатуға болатын бағыттар аз емес екенін атап өтті. Соның ішінде өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларына ерекше ден қойылды. Делегацияның жұмыс бағдарламасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен және оқытушыларымен, «Wiedergeburt» неміс этномәдени бірлестігінің өкілдерімен кездесу жоспарланған.

Шетелдік қонақтар жылы қабылдау үшін алғыс айтып, кездесу қорытындысы жаңа жобаларды іске асыруға, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Ақмола облысы мен неміс компаниялары арасындағы серіктестікті кеңейтуге негіз болатынына сенім білдірді.