DOSTI Skills Kokshetau 2026 халықаралық чемпионаты 5 елдің қатысушыларын біріктірді

DOSTI Skills Kokshetau 2026 халықаралық чемпионаты 5 елдің қатысушыларын біріктірді

Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орайластырылған DOSTI Skills Kokshetau 2026 чемпионаты кәсіптік білім беру өкілдерінің, Австрия, Жапония, Әзірбайжан және Сауд Арабиясынан келген сарапшылар мен жас мамандардың, сондай-ақ Қазақстанның 15 өңірінен келген командалардың басын қосты. 61 қатысушы «Электроника», «Автономды мобильді робототехника», «Прототиптеу» және «Ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелері» құзыреттіліктері бойынша бақ сынайды.

«Біздің өңірде білікті кадрлар даярлауға, инженерлік құзыреттіліктерді дамытуға, цифрландыруға және заманауитехнологияларды енгізуге ерекше көңілбөлінеді. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптікбілім беру өнеркәсіпті, инженерияны, робототехниканы және инновациялық экономиканы дамытуда басты рөл атқарады. DOSTI Skills чемпионаты – бұл талант, технология, білім мен өндіріс тоғысатын мүмкіндіктер кеңістігі», – деді облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев «Болашақ сарайында» өткен салтанатты ашылу рәсімінде.

Жарыстың ерекшелігі – оның практикаға бағытталған форматында: он күн бойы Көкшетау қаласының Жоғары техникалық колледжінің алаңында қатысушылар нақты өндірістік жағдайларға жақындатылған күрделі инженерлік міндеттерді шешетін болады.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, шараның негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мамандарын даярлау сапасын арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ заманауи индустрия үшін кадрлар даярлау саласындағы озық тәжірибелермен бөлісу. Сондықтан чемпионат бағдарламасына тек жарыс бөлігі ғана емес, жетекші мамандардың қатысуымен өтетін шеберлік сыныптары, тренингтер, воркшоптар мен дәрістер де кіреді.

WorldSkills Shanghai 2026 әлемдік чемпионатына дайындық аясында халықаралық жаттығу алаңының жұмысы ұйымдастырылады.