Ақмола облысында фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Ақмола облысында фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Ақмола облысының Жарқайың ауданында аса қауіпті зиянкестермен және карантиндік нысандармен күрес мәселелеріне арналған көшпелі жедел штабтың отырысы өтті. Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин, Фитосанитариялық диагностика және болжамдар республикалық әдістемелік орталығының басшысы Елтай Хамиджанұлы, сондай-ақ аудан әкімдерінің орынбасарлары мен өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.

Кездесу барысында өңірдегі фитосанитариялық ахуал, арнайы техникалардың әзірлігі, мониторинг жүргізу және қорғау шараларын ұйымдастыру мәселелері пысықталды. Сонымен қатар қатысушыларға бүріккіш техникалар мен ұшқышсыз авиациялық жүйелердің (дрон) жұмысы және тиісті қызметтердің шұғыл әрекет ету дайындығы көрсетілді. Зиянкестер ошағын дер кезінде анықтау мен егіс алқаптарының фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударылды.

«2025 жылы атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп, зиянкестердің таралу ауқымын едәуір тежеуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, биыл дәл осы Жарқайың ауданында химиялық өңдеуді қажет ететін алқаптар көлемі өте үлкен. Бұған қоса, Қостанай облысы тарапынан италиялық прустың (шегіртке) ауып келу қаупі де сейілмей тұр», — деді Мұрат Балпан.

Штаб мүшелері мониторингті күшейту мен қорғау жұмыстарын ұйымдасқан түрде жүргізу қажеттігін алға тартты. Өз кезегінде аудан аграрлары техникалық жарақтандыру және бейінді қызметтермен үйлесімді жұмыс істеу мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.