
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында Мәншүк Мәметова ауылында болып, өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірі – «Ен-Дала» ЖШС-нің қызметімен танысты.
2000 бас сауын сиыры бар сүт-тауар фермасы 2024 жылдың маусым айында пайдалануға берілген. Бүгінде кәсіпорын табысты жұмыс істеп, дамуын жалғастыруда: қосымша 500 басқа арналған сиыржай құрылысы жүргізілуде. Ферманың орташа тәуліктік өнімділігі 34 тоннаға жетті.
Сапар аясында Марат Ахметжанов сауын каруселінің жұмысы, сондай-ақ сиырлар мен төлдерді күтіп-бағу жағдайларымен танысты.
«Сүтті мал шаруашылығын дамыту және кеңейту өңір мен тұтастай елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Мұндай жобалар өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті өңір басшысы.
Жоба аясында негізгі технологиялық жабдықтар толық орнатылған. Техника мен құрал-жабдықтарға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 990 млн теңгеден асты. Оның ішінде сүт-тауар фермасына арналған жабдықтар, телескопиялық тиегіштер және қосалқы ауыл шаруашылығы техникалары бар.
«Шаруашылық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылға қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпорын көмегімен Мәншүк Мәметова ауылында балабақша мен асхана салынды, серіктестік мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысуда. Қазіргі уақытта үш қабатты жатақхана салынып жатыр, онда серіктестік қызметкерлерінің отбасылары пәтер ала алады», – деді Мәншүк Мәметова ауылының әкімі Гүлайым Қожабекова.