Ақмола облысында 7 мамыр мерекесі аталып өтті

Ақмола облысында 7 мамыр мерекесі аталып өтті

Көкшетау қаласындағы «Жаңа жағалау» жағалауы 7 мамыр күні Отанға деген сүйіспеншілік пен антқа адалдықты өмірлік ұстаным еткен жандардың басын қосқан ерекше орынға айналды.

Салтанатты шараның шымылдығын 5510 әскери бөлімінің оркестрі ашып, оның сүйемелдеуімен Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының ту ұстаушылар тобы алаңға Мемлекеттік Туды алып шықты.

«Бүгінде екі мыңнан астам жерлесіміз әскердің әртүрлі салаларында ерлік пен батылдық мектебінен өтуде. Біз ұрпақтар сабақтастығына ерекше мән береміз. Себебі 7 мамыр мерекесі алдағы Жеңіс күнімен тығыз байланысты. Бұл – аталарымыздың ерлігі мен бүгінгі офицерлердің айбынын тоғыстыратын маңызды күн», – деді Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов құттықтау сөзінде.

Мереке қаһармандары басты сахнада лайықты марапаттарына ие болды. Әсіресе «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері» медалімен марапатталған полковник Қанат Омаров көпшіліктің зор қошеметіне бөленді. Сондай-ақ өңірдегі тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген күштік құрылым өкілдерінің адал қызметі де ерекше атап өтілді.

Бағдарламаға ерекше мән берген сәттердің бірі – жиырма оқушының «Жас Ұрпақ» бірлестігінің қатарына қабылдану рәсімі болды. Елдос Рамазанов мен облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы жасөспірімдерге арнайы галстук тағып, олар «Заң мен тәртіп» қағидаттарына адал болуға салтанатты түрде ант берді. Айта кетейік, бұл бастама облыстық прокуратура тарапынан өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениеті мен патриоттық тәрбиесін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда.

Әскери рухтағы шығармашылық нөмірлерді «Томирис» әйелдер клубы, полиция департаментінің вокалдық тобы, СОБР жауынгерлері және облыстың үздік өнер ұжымдары ұсынды.