Облыс әкімі апатты асхана мәселесін шешуді тапсырды

Облыс әкімі апатты асхана мәселесін шешуді тапсырды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жұмыс сапары аясында Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына барды.
Мектепте 210 бала оқиды, оның ішінде ауылдық жерлерден келген 150 оқушы интернатта тұрады. Мектеп теңгерімінде оқу корпусы, асхана, интернат және гараж бар. 2024 жылы облыстық бюджет есебінен интернат ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, техникалық қорытынды нәтижесінде мектеп асханасының ғимараты апатты деп танылған және күрделі жөндеуге келмейді, сондықтан оны бұзу қажет.
Облыс әкімі балалардың білім алуы мен тұруы үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын, сондай-ақ мектеп инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерін дер кезінде шешу қажеттігін атап өтті. Жаңадан тез салынатын асхана ғимаратын орнату мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.