Ақмола облысында гид-экскурсоводтарға арналған семинар өтті

Ақмола облысында гид-экскурсоводтарға арналған семинар өтті

Ақмола облысында өңірдің туризм басқармасы ұйымдастырған гид-экскурсоводтарға арналған екі күндік оқыту семинары өтті. Іс-шара облыстың түкпір-түкпірінен келген мамандарды біріктіріп, кәсіби біліктілікті арттыру мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.

Семинар аясында қатысушылар мамандықтың негізгі дағдыларын талқылады: экскурсия жүргізу техникасы, аудиториямен жұмыс істеу әдістері, Ақмола облысының өлкетануы, сөйлеу мәдениеті және экскурсияға қатысушылардың тәртіп ережелері.

Семинарды гидтер одағының президенті, Қазақстан бойынша 29 экскурсияның авторы Салтанат Абжанова жүргізді. Оқытуға Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Ақкөл аудандарынан және Астана қаласынан 70-тен астам гид-экскурсовод қатысты.

Айта кетейік, 2025 жылы Ақмола облысына келетін туристер саны 1,5 миллионнан асты, ал биылғы маусымда 1,8 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде.