Көкшетау қаласын 2050 жылға дейін дамыту жоспары таныстырылды

Көкшетау қаласын 2050 жылға дейін дамыту жоспары таныстырылды

Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Іс-шараға аудан әкімдері, қоғам өкілдері және БАҚ қатысты.

Көкшетау қаласының әкімі Ануар Күмпекеевтің айтуынша, бұл стратегиялық құжат облыс орталығын халқы 500 мың адамға дейін жететін заманауи қалаға айналдырудың негізін қалайды. Жоспар қалалық құрылымды кешенді түрде қайта қарауды көздейді, оның ішінде айналма жол салу және қала орталығындағы жүктемені азайту үшін көше желісін оңтайландыру қарастырылған.

Энергия тапшылығы мәселесін шешудің негізгі кезеңі ретінде қуаты 240 МВт-қа дейін жететін жеке жылу электр орталығын (ЖЭО) салу жоспарланған, оны 2029 жылға дейін аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар қосалқы станциялар мен жылу желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі, бұл өнеркәсіп пен тұрғын үй құрылысының дамуына қажетті ресурстарды қамтамасыз етеді.

Жоспарда жаңа буындағы әлеуметтік және іскерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Алдағы жылдары Сарыарқа шағын ауданында 10 мың орындық заманауи футбол стадионы және 630 төсек-орынға арналған көпсалалы облыстық аурухана салынады. Қаланың мәдени және әкімшілік орталығы ретінде Kokshe Downtown жобасы іске асырылып, оның аясында қазақ музыкалық-драма театры мен заманауи қонақүй кешендері бой көтереді.

Қаланың өнеркәсіптік дамуы «Kokshe Industry» индустриялық аймағымен байланыстырылады. Мұнда 2030 жылға дейін 750 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту және 6 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазірдің өзінде құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жобалары жүзеге асырылуда, ал болашақта тағы ондаған жаңа кәсіпорын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасады: тек 2026 жылы 200 мың шаршы метрден астам көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әлеуметтік инфрақұрылым жаңа оңалту орталықтарымен, инклюзивті спорт нысандарымен және арнайы балабақшалармен толықтырылады.

«Taza Qazaqstan» бастамасы аясында Көкшетауда шамамен 400 мың ағаш пен бұта отырғызу, сондай-ақ 25 гектар аумақта «Көкшетау» экопаркін дамыту жоспарланған. Қопа көлінің жағалауы да жаңартылып, қалада алғаш рет толыққанды демалыс инфрақұрылымы бар заманауи жағажай аймағы пайда болады.

Қаланың үйлесімді келбетін қалыптастыру үшін бірыңғай дизайн-код енгізіліп, ғимараттардың қасбеттері мен маңдайшаларын безендіру қатаң реттеледі, бұл бизнес пен құрылыс салушыларды жоғары сәулеттік стандарттарды сақтауға міндеттейді.

Таныстырылымнан кейін өңір басшысы қатысушыларға тұрғын үй құрылысының дамуын және қаланы абаттандыру үлгілерін – Жаңа жағалауын және Көк шалғын серуен саябағын көрсетті.

«Облыс орталығы қарқынды түрде өзгеріп, заманауи әрі жайлы қаланың келбетін қалыптастыруда. Урбанистика орталығын құру тек Көкшетаудың ғана емес, уақыт өте келе өңірдің басқа қалаларының да жоспарлы дамуына серпін береді. Пилоттық жоба ретінде ірі аудан орталықтарының бірі – Атбасар қаласын дамыту қолға алынады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.