
Ақмола облысы елде алғашқылардың бірі болып кеңістіктік дамудың жаңа моделін – нүктелік құрылыстан аумақтарды кешенді игеруге көшу тәсілін іс жүзінде енгізіп отыр. Ынтымақтастық туралы меморандум облыс әкімі Марат Ахметжановтың, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздибаевтың және «СПК «KOKSHE» АҚ басқарма төрағасы Серікбай Құсайыновтың қатысуымен өткен кеңес қорытындысы бойынша қол қойылды.
Құжат жүйелі жұмысқа көшуді бекітеді: аумақтарды дайындау мен мастер-жоспарлаудан бастап инвестиция тартуға, одан кейін инфрақұрылым мен нақты сұранысты ескере отырып құрылыс жүргізуге дейінгі толық цикл қамтылады.
«Біз өңірді дамытудың жаңа моделін қалыптастырып жатырмыз. Онда әрбір аумақ алдымен талданып, дайындалып, содан кейін ғана игеріледі. Мұндай тәсіл ретсіз құрылыстың алдын алып, жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Жаңа модельдің негізгі құралы – «СПК «KOKSHE» базасында құрылған «KOKSHETAU ENGINEERING» урбанистика орталығы. Орталық тұрғын үйге сұранысты бағалаудан бастап экономикалық тиімділік пен инфрақұрылымға түсетін жүктемені есептеуге дейін аумақтарды кешенді талдауды қамтамасыз етеді.
«Біз түбегейлі жаңа қағидатқа көшіп жатырмыз: алдымен деректер мен есептер, содан кейін шешімдер. Бұл инвестициялық тұрғыдан тұрақты жобаларды қалыптастыруға және мемлекет пен бизнес үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді», – деді «СПК «KOKSHE» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев.
Жұмыстың бөлек бағыты тұрғын үй қорын жаңғыртуға арналған. Қазірдің өзінде 21 апатты үй сүріліп, 763 пәтерлік 10 жайлы тұрғын үй кешені салынды. 2030 жылға дейін өңірде шамамен 250 ескі үйді көшіру және 5 мың пәтерге арналған 55 тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Сонымен қатар, аз қабатты құрылыс дамып, инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылуда.
Негізгі қаржылық серіктес – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ. Компания басқарма төрағасы Алтай Күздибаевтың айтуынша, Ақмола өңірінде тұрғын үй құрылысын қолдауға 52 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған, бұл 3,7 мың әлеуметтік пәтер салуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта кешенді құрылысқа, жалдамалы тұрғын үйге және инфрақұрылымдық жобаларға қаржыландыруды кеңейту жоспарланып отыр.
Қол қойылған меморандум инвестицияға дайын аумақтарды қалыптастыруды, мастер-жоспарлар әзірлеуді, үлестік құрылысқа кепілдік беру тетіктерін енгізуді, сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйді дамытуды және инженерлік желілерді жаңғыртуды көздейді. Мұндай модельді енгізу құрылыс көлемін арттырып қана қоймай, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, тұрғын үй нарығын ашық әрі тұрақты етуге мүмкіндік береді.
Ақмола облысы аумақтық дамудың жаңа саясатын енгізу бойынша пилоттық алаңға айналып отыр, ал бұл тәжірибе алдағы уақытта елдің басқа өңірлеріне де кеңінен таратылуы мүмкін.