
Ақмола облысы-нда Есіл өзені бойында салынуы жоспарланған Есіл контррегуляторының стратегиялық маңызды жобасын іске асырудың негізгі кезеңдері талқыланды. Жобаны Азия даму банкі қаржылық қолдауымен жүзеге асыру көзделіп отыр.
Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Қуатбеков және Азия даму банкі өкілі Мари Л’Хостис қатысып, болашақ гидротехникалық құрылыстың нақты параметрлері таныстырылды. 2025 жылдың күзінде мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған жоба елдің су саласын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген.
Жобалық сыйымдылығы 873 миллион текше метрді құрайтын, ұзындығы 80 шақырымға дейін жететін ірі су қоймасы секундына 4,6 мың текше метрден астам су өткізе алады. Құрылысы 2027–2028 жылдарға жоспарланған нысан Есіл ауданы мен Жарқайың ауданы аумақтарында орналасады. Жоба кешенді мақсаттарды көздейді: тасқын кезіндегі шекті жүктемені екі есеге азайту, сондай-ақ Сергеев су қоймасы мен Петропавл су қоймасы тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жоба жергілікті гидроэнергетиканы дамытуға негіз қалайды және 25 мың гектарға дейінгі суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында қатысушылар аумақтарды аралау нәтижелеріне ерекше назар аударды. Бұл халықаралық сарапшылар мен министрлік өкілдеріне болашақ құрылыс аймағын және нысанның ландшафтқа ықпалын нақты бағалауға мүмкіндік берді.
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан Есіл контррегуляторын салуға қажетті барлық материалдар ұсынылады. Бұл нысан өңірдің дамуына және су ресурстарын нығайтуға айтарлықтай үлес қосады деп сенемін», – деді Мұрат Балпан.
Өз кезегінде Азия даму банкі өкілдері бұл бастаманы қолдауға мүдделі екенін білдіріп, оның Есіл өзені алабының тұрақты дамуы үшін экологиялық әрі әлеуметтік маңызын атап өтті.
Келесі кезеңде өңір басшысы Марат Ахметжанов төрағалығымен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс кеңесі өтіп, жобаны іске асырудың алдағы қадамдары айқындалады.