Астрахан ауданында су тасқынының шарықтау шегі өтті

Астрахан ауданында су тасқынының шарықтау шегі өтті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Астрахан ауданындағы су тасқынының өту барысымен танысты. Алдын алу шараларының кешенін жүзеге асыру және жаңа гидротехникалық нысандар салу нәтижесінде Ескі Қалқұтан ауылындағы тұрғын үйлерді су басудың алдын алуға мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта су тасқынының шарықтау шегі өтті, су деңгейі 10 сантиметрге төмендеді, тұрғындардың өмірі мен мүлкіне қауіп жоқ.

Аудан әкімі Талғат Ерсейітовтың айтуынша, өткен сенбіде өңірге бірден бес бағыттан, соның ішінде Бұланды, Бурабай, Шортанды және Ақкөл аудандарынан тасқын су келе бастады. Үш күн ішінде келген судың көлемі 50 миллион текше метрге жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп болды, әрі су ағысының жылдамдығы да айтарлықтай артқан. Осындай рекордтық жүктемеге қарамастан, жаңа инженерлік нысандар өз міндетін толық атқарды.

Қазіргі таңда Ескі Қалқұтан ауылында бірде-бір үй су астында қалған жоқ. Тұрғындардың қауіпсіздігі өткен жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында да қамтамасыз етілді — қауіпті аймақтардан алдын ала 30 үй көшірілген болатын. Жедел есептеулер мен өзен арнасын 30 бірлік экскаватор техникасын тарта отырып дер кезінде тазарту су ағынын көпір астымен өткізіп, оны елді мекеннен тыс төмен аймақтарға бағыттауға мүмкіндік берді.

«Ақмола облысында 17 гидротехникалық нысан жөнделіп, өзен арналарының 56 шақырымы тазартылды. Атбасар ауданындағы Жабай өзенін тереңдету жұмыстары ерекше нәтиже беріп, Ескі Қалқұтанға түсетін су қысымын айтарлықтай азайтты. Елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары биыл да жалғасады. Жоба аясында ауыл кіреберісіндегі қорғаныс бөгетін аяқтау, жолдардың астына су өткізу құбырларын орнату және жол инфрақұрылымын дамытуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қарастырылған», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Тәуекелдерді одан әрі төмендету үшін Дамса, Веденовка, Қайрақты, Прохоро-Колоколовская және Иванковская бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ Қызыл Жұлдыз бөгетіне күрделі жөндеу аяқталды. Бұл шаралар көршілес аудандардан келетін су ағынын реттеуге мүмкіндік береді.

Ескі Қалқұтан ауылында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқаруда, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Жағдайдың тұрақтануына байланысты облыстық жедел штаб су ағынының ары қарай өтуін бақылау үшін Есіл және Жарқайың аудандарына көшіріледі.