Атбасар ауданында су тасқыны қаупі сейілді

Атбасар ауданында су тасқыны қаупі сейілді

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Атбасар ауданындағы су тасқыны жағдайын тексерді. Аудандағы тасқын кезеңінің ең қауіпті кезеңі сәтті өтті. Өңір басшысы даладағы еріген қар суларын негізгі су өткізу нысандары мен бөгеттер арқылы өткізу барысымен танысып, қызметтердің үйлесімді жұмысы тұрғын үйлерді су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Биыл су еш кедергісіз өтті. Біздің басты міндетіміз – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, және биыл осы жобаны толық аяқтаймыз.
Қазіргі таңда тасқынның шарықтау шегі артта қалды, Атбасар тұрғындарына қауіп жоқ деп сеніммен айтуға болады. Арнаны тазартумен қатар, үш шлюз орнатылып, дала суларын қаладан тыс жерге бұру жұмыстары басталды. Ендігі міндетіміз – қарды уақытылы шығарып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес қаланы абаттандырудың жаңа жобаларын іске асыру», – деді Марат Ахметжанов.

Тасқынның шарықтау шегі өткеніне қарамастан, әкім жоғары дайындық режимін сақтауды тапсырды. Барлық гидротехникалық нысандар қалыпты режимде жұмыс істеуде, мамандар тәулік бойы кезекшілікте. Марат Ахметжановтың айтуынша, жағдай толық бақылауда, және шарықтау кезеңі артта қалғанымен, қардың толық еру кезеңі аяқталғанша қауіпті учаскелердің барлығы тұрақты бақылауда болады. Қазіргі уақытта жоспарлы іс-шаралар жалғасуда.

Айта кетейік, Атбасар ауданында 19 елді мекенде су тасқынына қарсы 29 іс-шара өткізілді. Сайларды тазалау, бөгеттерді нығайту және Жабай өзенінің арнасын кеңейту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде судың апатсыз өтуі қамтамасыз етіліп, барлық күштер мен құралдар, соның ішінде аумақтық қорғаныс күштері жұмылдырылған.