Қорғалжын ауданындағы Шөптікөл бөгеті бақылауда

Қорғалжын ауданындағы Шөптікөл бөгеті бақылауда

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында еріген қар суының келуіне байланысты Шөптікөл бөгетінің бұзылуы тіркелді. Оқиға орнында облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков бар. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның жетекшілігімен жедел штаб құрылды.

Қазіргі уақытта жақын маңдағы елді мекен — Сабынды ауылын су басу қаупі толықтай жойылды, барлық нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы органдар, ТЖМ күштері және тұрғындардың қатысуымен Астана – Қорғалжын республикалық автожолының жол жамылғысының деңгейін көтеру арқылы еріген суды дала аймағына бұру жұмыстары жүргізілуде.

Салдарын жою жұмыстарына 56 техника және 230-дан астам жергілікті тұрғын мен ТЖМ жеке құрамы жұмылдырылды. 5 мың қап және 50 мың тонна инертті материал дайындалды, 800 метр жер үйіндісі төселді. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.

Айта кетейік, Шөптікөл бөгетінің сыйымдылығы 4,71 млн текше метр суды құрайды, су айдынының аумағы 157 гектар, орташа тереңдігі шамамен 3 метр. Нысан Астана – Қорғалжын республикалық автожолының бір бөлігін су басудан қорғайды, сондай-ақ Шевченко және Балқаш тоғандарын сумен қамтамасыз етеді.