
Ақмола облысында өңірдің орман мекемелеріне жаңа өртке қарсы техника табысталды. Салтанатты рәсімге Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев пен облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысты.
Іс-шара аясында орман шаруашылықтарына отандық өндірістің 13 бірлік заманауи өрт сөндіру техникасы берілді. Бұл техникалар орман өрттерін сөндіруге тікелей қатысатын мамандардың ұсыныстары негізінде әзірленген. Машиналар жоғары өтімділігімен және маневрлілігімен ерекшеленеді: цистерна көлемі 3 тоннаны құрайды, өздігінен сөндіру жүйесі қарастырылған, сондай-ақ қозғалыс кезінде өрт сөндіру мүмкіндігі бар. Бұл әсіресе қолжетімділігі қиын аумақтарда жұмыс істеу үшін маңызды.
Жалпы өңірге 24 өрт сөндіру көлігін жеткізу жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы облыстың орман мекемелері 30 трактор мен 31 шағын орман патрульдік кешенін алған болатын.
Жалпы республика бойынша тракторлар мен шағын орман өрт сөндіру кешендерін жеткізу аяқталып, 152 өрт сөндіру көлігі жеткізілді. Биылғы мамыр айының соңына дейін тағы 168 бірлік өртке қарсы техника келіп түседі деп күтілуде.