Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің XI конференциясына 100-ден астам делегат қатысты

Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің XI конференциясына 100-ден астам делегат қатысты

Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің XI облыстық есептік-сайлау конференциясына барлық қала мен аудандардан делегаттар жиналды. Конференция жұмысына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев және басқалар қатысты.

Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі жағдайы туралы ақпарат беріп, ардагерлерге белсенді өмірлік ұстанымы мен өңір өміріне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, аға буынды әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Облыста 119 мың зейнеткер тұрады – бұл тұрақты қолдауды қажет ететін халықтың маңызды санаты. Әр екі жыл сайын санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығындар өтеледі. 2025 жылы өтемақыны 2 мыңнан астам адам алды, ал 2026 жылы 4 830 адамды қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Көкшетау қаласында барлық зейнеткерлер үшін тегін жол жүру енгізілді.

Өңірде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді, онда 2 мыңнан астам зейнеткер спортпен және шығармашылықпен айналысып, жаңа дағдылар меңгеріп, қарым-қатынас жасайды. Осындай орталықтарды облыстың барлық аудандарында ашу жоспарлануда», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар делегаттар облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.