
Ақмола облысының Ерейментау ауданында облыс әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында ет кластерін дамыту және өңірдің экспорттық әлеуетін нығайту перспективалары қаралды.
«Ақмола облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында Президент белгілеген мал шаруашылығы саласындағы стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Өңір еліміздегі мал шаруашылығы өнімінің әрбір оныншы килограмын өндіреді, құс еті бойынша көш бастап келеді (нарықтың 30%-ы) және тағамдық жұмыртқа өндірісінің елеулі үлесін қамтамасыз етеді. 2026 жылға арналған негізгі міндет – “егістен сөреге дейін” жабық цикл қағидаты бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің жоғары технологиялық моделіне көшу. Бұл өңір ішінде қосылған құнды арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті өңір басшысы.
Мал шаруашылығын дамыту орталығы ретінде Ерейментау ауданы айқындалды. Мұнда «Соколинки и К» ЖШС, «Торғай» ЖШС және «Номад» ЖШС қатысуымен жалпы қуаттылығы 37 мың бастан асатын ет кластері қалыптастырылуда. Жоба аясында 300-ге дейін фермерлік шаруашылық құру көзделген. Қосымша қой шаруашылығы дамытылып, бордақылау алаңдары жаңғыртылуда. Қаржыландыру, оның ішінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда.
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов жобаны іске асыру барысында 16,4 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланғанын, оның ішінде 5 млрд теңгесі игерілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта шамамен 4,4 мың бас ірі қара малдың аналық басы әкелінді.
«Ет кластері асыл тұқымды мал өсіруді және фермерлік кооперацияны өнеркәсіптік бордақылаумен біріктіретін бірыңғай жабық циклді қалыптастырады. Бұл өз айналасында шағын және орта бизнестің толыққанды экожүйесін құруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 240 тұрақты және шамамен 500 маусымдық жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру жыл сайын 7 мың тоннаға дейін ет экспорттауға және бюджетке шамамен 1,3 млрд теңге көлемінде салық түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді басқарма басшысы.
Кеңес қорытындысы бойынша халықты кооперативтік жобаларға тартуды күшейту және жобалардың іске асырылуын бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Ауыл шаруашылығы басқармасы, «Көкше» ӘКК, ветеринариялық қызметтер мен қаржы институттары жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үйлестіруді, сүйемелдеуді, санитариялық қамтамасыз етуді және басым қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс. Барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде нақты өндірістік және экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізе отырып аяқталуы қажет.