
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында су тасқынына қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын нысандармен танысты.
Аймақ басшысы Шағалалы су қоймасын аралап, гидротехникалық құрылыстың ағымдағы жағдайы, су деңгейі және су төгуді реттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
«Су қозғалысы 23 наурызда басталды. Су қоймасына 2,6 млн текше метр еріген су келді, оның 550 мыңын біз төктік. Қазір су қоймасы 56%-ға толған, су келу және төгілу жылдамдығы 10 м³/сек құрайды. Қардың аздығын ескерсек, үлкен ағыстар күтілмейді, барлық жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде», – деді Шағалалы су қоймасы учаскесінің бастығы Арман Уәлиев.
«Биылғы жылғы су тасқынына қарсы жұмыстар жоюға емес, алдын алуға бағытталған. Қазір осы жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Бірақ бейқамдыққа жол беруге болмайды, жағдай мен судың қозғалысын тәулік бойы бақылау қажет», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар, облыс әкімі Садовое елдімекені мен Красный Яр ауылына барды. Ауыл округінің әкімі Серікжан Мақыштың мәліметінше, жағдай бақылауда, қажетті материалдар мен техника қоры жасалған, оның ішінде жазғы аумақты су тасқынынан қорғау үшін Шағалалы өзенінің арнасын 1 км тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 900 м-ден астам су ағызу арналары тазартылған, 1 900 м³ инертті материалдар мен қап қоры дайындалған.
Аймақ басшысы Красный Яр ауылында су тасқындарының алдын алу үшін көп жұмыс атқарылғанын атап, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына оң баға берді.
«Көптеген жылдары көктемде Заречная көшесі суға бататын, су алған жерлерді айналып өтуге тура келетін. Түнде ұйықтай алмадық, үйді су басады деп қорқатынбыз, ауылда құтқарушылар кезекшілік ететін. Қазір су арықтарға ағып жатыр, жер кеуіп қалды», – деді ауыл тұрғыны Гүлсара Қанурова.
Сапар қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов су деңгейін бақылауды күшейтуді, жауапты қызметтердің тәулік бойғы кезекшілігін қамтамасыз етуді тапсырды.