Аршалы ауданында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды

Аршалы ауданында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды

Аршалы кентінде белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылу салтанаты өтті. Маңызды оқиғамен зейнеткерлерді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.

«Біз аға буын өкілдерінің өмір сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Мұндай орталықтар денсаулықты нығайтып қана қоймай, адамдардың белсенді, қоғамға қажет әрі қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік береді», – деп атап өтті өңір басшысы.

Орталықтың негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтарды әлеуметтендіру, оларды мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту, сондай-ақ олардың физикалық және менталдық денсаулығын нығайту. Осы бағытта орталықта түрлі қызметтер қарастырылған: сауықтыру гимнастикасы, йога, пилатес және тренажер залы сияқты дене шынықтыру сабақтары, шығармашылық және білім беру үйірмелері, музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету, цифрлық сауаттылықты арттыру, зияткерлік және үстел ойындары, сондай-ақ қызығушылық клубтары жұмыс істейді.

Сонымен қатар келушілер заңгерлік және медициналық кеңестер ала алады, тақырыптық іс-шаралар мен командалық ойындарға қатысады. Алдағы уақытта бейінді мамандарды тарту арқылы домбыра үйрену және хореография бағыттары да енгізіледі.

Айта кетейік, Аршалыдағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өңірдегі тоғызыншы орталық болып табылады. Бұған дейін мұндай орталықтар Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларында, сондай-ақ Зеренді, Целиноград, Жарқайың, Ерейментау, Атбасар және Ақкөл аудандарында ашылған.