
Аршалы ауданында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға арналған жаңа тұрғын үйден пәтер кілттерін табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Барлығы 35 отбасы баспаналы болды.
Маңызды оқиғамен аршалылықтарды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады. Ол қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі және маңызды әлеуметтік міндет екенін атап өтті.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс еліміздің солтүстік және орталық өңірлері арасында тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша көшбасшылардың бірі атанды. Өңірде 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңнан астам ақмолалық отбасы әлеуметтік баспанаға қол жеткізді», – деді өңір басшысы.
Жаңа 100 пәтерлі тұрғын үй реновация бағдарламасы аясында ескі екі қабатты ғимараттың орнына салынды. Тұрғын үй қоры толықтай қоныстануға дайын және заманауи жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына сай.
Пәтер иелері көрсетілген қолдау үшін шынайы алғыстарын білдіріп, бұл оқиға олардың көпшілігі үшін көптен күткен қуаныш әрі өмірлеріндегі жаңа кезеңнің бастамасы екенін атап өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде реновация бағдарламасы аясында жалпы саны 1300-ден астам пәтерді қамтитын 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.