
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жұмыс сапары аясында Бұланды ауданына барды. Сапар барысында олар Макинск қаласындағы теміржол вокзалы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жоба көлік инфрақұрылымын жаңғырту және жолаушыларға қызмет көрсету нысандарын заманауи талаптарға сәйкестендіру бойынша кешенді бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.
Нысанда негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Шатыр жабу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қасбеті әрленді, пластикалық терезелер орнатылды. Су құбыры мен кәріз жүйелері тартылып, жылыту жүйесі орнатылған, сондай-ақ кондиционер жүйесі қойылған. Қазіргі уақытта бейнебақылау жүйесін реттеу, электрмонтаж жұмыстары, жиһаздарды құрастыру және орнату жұмыстары аяқталу сатысында. Мамыр айының соңына дейін перронды абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
«Жаңартылған Макинск қаласының вокзалы жайлылық пен қауіпсіздіктің заманауи талаптарына сай болып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 250 адамды құрайды. Өңірдегі вокзалдарды жаңғырту жұмыстарына екі мердігер ұйым тартылған», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, өңірде 16 вокзал қайта жаңғыртудан өтуде, оның ішінде 7 нысанда жұмыстардың 90 пайыздан астамы орындалған.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында алғаш рет вокзалдарды ауқымды жаңғырту жүргізілуде. Олардың көпшілігі пайдалануға берілген сәттен бері күрделі жөндеуден өтпеген. Жалпы республика бойынша 124 ғимарат толық жаңартылатын болады.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында жол бойындағы санитарлық аймақтар қаралды.
Сапар қорытындысында өңір басшысы аудан орталығының су тасқынына дайындығын тексерді.