Ақмола облысында су тасқынына қарсы шаралар күшейтілді: қар шығару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде

Ақмола облысында су тасқынына қарсы шаралар күшейтілді: қар шығару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде

Ақмола облысында облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен жұмыс істейтін су тасқынына қарсы штаб аясында қар шығару және тасқын кезеңіне дайындық жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда.

Бүгінгі күні өңірлердің әкімдіктері шамамен 2,5 млн текше метр қарды сыртқа шығарды, 400 шақырымға жуық арықтар мен каналдар тазартылды. Жұмыстар тәулік бойы шамамен 1,5 мың техника бірлігін тарта отырып жүргізілуде. Су тасқынының алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінуде — еріген қар суының қауіпсіз өтуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов Аршалы және Целиноград аудандарында, сондай-ақ Қосшы қаласында жедел штабтың көшпелі отырыстарын өткізді.

Аралау барысында аудан әкімдіктері мен салалық қызметтерге қар шығару қарқынын арттыру, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру, анықталған кемшіліктерді жою және тасқын кезеңіне дайындық деңгейін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жалпы, елорда маңындағы өңірлерде 936,7 мың текше метр қар шығарылды. Техника екі ауысымдық режимде жұмыс істеуде. Қосымша түрде арықтарды тазалау, еріген суды сору және елді мекендерден қар шығару жұмыстары күшейтілді.

Жағдай облыс басшылығының тұрақты бақылауында.