
Көкшетау қаласында Наурыз мейрамына арналған ауқымды мерекелік шаралар Жаңа жағалауда өтіп, өңірдің мыңдаған тұрғындары мен қонақтарын біріктірді. Іс-шараларға Ақмола облысының әкімі қатысып, мерекенің қоғамдық келісімді нығайтудағы және ұлттық дәстүрлерді сақтаудағы ерекше маңызын атап өтті.
«Өңірдің дамуына өз үлесін қосып жүрген барлық ақмолалықтарға алғысымды білдіремін. Ортақ күш-жігердің арқасында облыста бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда – білім беру және денсаулық сақтау нысандары, спорттық және мәдени ғимараттар салынып, тұрғын үй қоры жақсаруда. Облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру әрдайым басты назарда болады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Мереке күні Көкшетау қаласында әлеуметтік осал топтарға жататын 22 отбасы жаңа пәтер кілттерін алды.
Негізгі мерекелік іс-шаралар қаланың орталық алаңдарында, оның ішінде Абылай хан алаңы мен жағалауда өтті. Мұнда этноауылдар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар өткізілді. Мереке аясында қазақ халқының бай мәдени мұрасын танытатын шамамен 47 тақырыптық киіз үй тігілді.
Мерекелік бағдарламаға театрландырылған қойылымдар, қолөнершілер көрмелері, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және виртуалды шынайылық элементтері бар заманауи цифрлық жобалар енді.
Мерекелік шаралар Жаңа жағалауда өткен open air форматындағы жастар дискотекасымен және Ш. Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Алтын қақпа» комедиясының көрсетілімімен қорытындыланды.