
Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Щучинск қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қызмет алушылармен және мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Орталықта 100-ге жуық зейнеткер мен I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған, соның ішінде әртүрлі бос уақытты өткізу мүмкіндіктері бар: үстел ойындары, музыкалық және көркемөнер үйірмелері, кітапхана, тігін ісі кабинеті, сенсорлық бөлме және гүлдері бар қысқы бақ.
Өңір басшысы 102 жыл бұрын Донецк облысында дүниеге келген Иван Фризді туған күнімен құттықтады. 1957 жылы ол Қазақстанға қоныс аударып, ұзақ жылдар бойы құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек еткен, зейнетке шығар алдында ұсталықпен айналысқан.
2020 жылдан бері Иван Иванович орталықта тұрып келеді. Жасына қарамастан, ол белсенді өмір салтын ұстанып, көркемөнерпаздыққа қатысады, гармонь тартады және аумақты абаттандыруға көмектеседі.
Марат Ахметжанов мерейтой иесіне денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, оның өмір жолын еңбекқорлық пен рух күшінің үлгісі ретінде атап өтті. Кездесу соңында өңір басшысы орталық басшылығына қажетті жабдықтар сатып алуға арналған ақшалай сертификат табыстады.