
Щучинск қаласында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға 47 пәтердің кілті табысталды. Жаңа қоныс иелерін облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.
Тұрғын үйлер әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат аясында берілді. Пәтер алғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар және тұрғын үй кезегінде тұрған өзге де азаматтар бар.
Өңір басшысы тұрғындарды баспанамен қамту әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Бүгін 47 отбасы үшін маңызды күн. Олар жай ғана пәтер емес, жаңа әрі жайлы өмір бастау мүмкіндігіне ие болып отыр. Әлеуметтік қолдау жаңа Конституцияда ерекше атап өтілген. Мемлекеттік көмекпен мұқтаж жандарды қолдау – біздің басты міндетіміз, әсіресе тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесінде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үй көлемі жыл сайын арта береді. Бүгінге дейін Бурабай ауданында 85 отбасына пәтер кілті табысталды, жыл соңына дейін тағы 100-ден астам бурабайлық баспаналы болады», – деді Марат Ахметжанов.
Щучинск қаласының тұрғындарына 42 пәтер «Altyn Tau» тұрғын үй кешенінен берілді. Бұл – қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, абаттандырылған аумағы бар заманауи көпқабатты тұрғын үй. Пәтер алғандардың қатарында мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған Темірбековтер отбасы да бар.
«Көпшілігіміз үшін бұл – көптен күткен қуанышты сәт. Біз бұл күнге бірнеше жыл бойы жеттік. Пәтер алу арманымыз орындалып, енді балаларымыз үшін жылы да жайлы өз үйіміз бар», – деді Алия Темирбекова.
Сонымен қатар 4 пәтер Қатаркөл ауылы мен Бурабай кентіндегі кезекте тұрған азаматтарға берілді, ал Щучинск қаласынан бір отбасы «Алтын-2» тұрғын үй кешенінен баспана алды.