Ақмола облысының әкімдігінде өнеркәсіпті дамыту мәселелері қаралды

Ақмола облысының әкімдігінде өнеркәсіпті дамыту мәселелері қаралды

Ақмола облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың төрағалығымен өңір өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Іс-шараға аудан және қала әкімдіктерінің өкілдері, салалық басқармалар басшылары, сондай-ақ өңірдің ірі жүйе құраушы кәсіпорындарының жетекшілері қатысты, олардың ішінде «Тыныс», «Кокшетауские минеральные воды», «КАМАЗ-Инжиниринг», «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Асыл Арман», «Гормолзавод», «RG Gold», «Степногорский горно-химический комбинат», «Макинская птицефабрика», «ENKI» ЖШС, «KazRost Engineering» ЖК және басқа да кәсіпорындар бар.

Кеңесте 2025 жылғы өнеркәсіп секторының жұмыс қорытындылары шығарылды. Саланың негізгі көрсеткіштері қаралды: өндіріс көлемінің динамикасы, өнеркәсіптің нақты көлем индексі, инвестициялық белсенділік және өндірістік қуаттардың жүктелу деңгейі.

«Облыс өнеркәсібінің шамамен 80% өңдеу өнеркәсібі құрайды. Оны металлургия, машина жасау және тамақ өнімдерін өндіру салалары қалыптастырады – соңғы онжылдықтарда экономиканы дамытуда басымдық осы бағыттарға беріліп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің өндірістік секторы 2,4 трлн теңге деңгейінде қалыптасты», – деп атап өтті Ернар Жаркешов.

Қатысушылар өнеркәсіптік өндіріс көлемін ұлғайту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыру, жаңғырту және технологиялық жаңарту жобаларын іске асыру, өңдеу секторына инвестициялар тарту, қызметкерлердің еңбекақысын көтеру және облыс бюджетіне түсетін салық түсімдерін ұлғайту перспективаларын талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары әкімдік тарапынан өнеркәсіп кәсіпорындарын сүйемелдеу тәжірибесіне егжей-тегжейлі тоқталып, проблемалық мәселелерді Республикалық және өңірлік инвестициялық штабтар, Өңірлік үйлестіру кеңесі, сондай-ақ инвесторларды қолдаудың өзге де тетіктері аясында қарау және шешу жұмыстарына назар аударды.

Сонымен қатар кәсіпорындардың инфрақұрылымдық шектеулер, шикізатпен қамтамасыз ету, кадр тапшылығы, жекелеген жобаларға мемлекеттік қолдау қажеттілігі, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістік қуаттарды жаңғыртуға арналған лизингтік қаржыландыру тетіктерін іске қосу сияқты проблемалық мәселелері жеке қаралды.

Әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінді. Олардың қатарында өндірістік қуаттарды кеңейту жобаларын жүзеге асыру үшін жер учаскелерін беру, сондай-ақ өндірістік цикл мен кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін мәселелерді жедел шешуге ықпал ету бар.

Кеңес қорытындысы бойынша өндірістік қуаттарды арттыру бағытында өнеркәсіп кәсіпорындарымен атаулы жұмыс жүргізу және көрсеткіштердің төмендеуіне жедел әрекет ету тапсырылды. Жұмыс тиімділігін бағалау өнеркәсіптік өндіріс көлемінің нақты динамикасымен тікелей байланыстырылады.