
Ақмола облысының әкімі Зеренді ауданында жұмыс сапары барысында өңір активімен жиналыс өткізді.
Аудан әкімі Әсет Құрманғожин 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын таныстырып, ауыл шаруашылығындағы оң динамиканы атап өтті: өнім көлемі 100,3 млрд теңгені құрады, дәнді дақылдардан рекордтық – 501,7 мың тонна өнім жиналды, майлы дақылдардың егістік алқабы ұлғайтылды. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемінің азаюы «Алтынтау Көкшетау» АҚ кәсіпорнында алтын өндірудің қысқаруымен байланысты.
Сондай-ақ жиналыста көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері қаралды. Елді мекендерде арықтар тазартылып, төрт көпір орнатылды, 12 тоннадан астам қар шығарылды, жанар-жағармай қорланды, қаптау жұмыстары жалғасуда.
«Қар шығару жұмыстарын жандандырыңыздар, тұрғын үйлердің су басуына жол беруге болмайды. Апат қаупі бар өзен учаскелерінде азаматтық қорғау органдарымен бірлесіп уақытылы жарылыс жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Қосымша инженерлік және су сорғылау техникасын тарту, қажетті заттармен эвакуациялық пункттерді дайындау, дәрігерлер мен психологтардың кезекшілігін ұйымдастыру қажет», – деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар, аудан әкіміне мердігер ұйымдардың әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды уақытында және сапалы аяқтауын қатаң бақылауды күшейту тапсырылды. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары жандандыру, бюджет қаражатын тиімді және сапалы пайдалану, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу қажет.