Ақмола облысында жаңа инвестициялық жобалар Өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралды

Ақмола облысында жаңа инвестициялық жобалар Өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралды

Ақмола облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың төрағалығымен Өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында өңір экономикасының негізгі салаларын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар қаралды.

Аршалы ауданы туристік инфрақұрылымды нығайтуға және аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған «Nurray» демалыс аймағын салу жобасын ұсынды.

Бурабай ауданы «Nortera Agro» ЖШС-нің құрама жем зауыты мен астық қоймасын салу жобасын таныстырды. Аталған жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, өңдеу қуаттарын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы аумағында жүзеге асыру жоспарланған «ЭнергоАтом» ЖШС-нің жобасы қаралды. Жоба жеке қорғаныш құралдарына арналған нанофильтрлеуші материалдар өндірісін құруды көздейді және заманауи технологияларды енгізуге, сондай-ақ өңірде жоғары технологиялық өндірісті дамытуға бағытталған.

Қабылданған шешімдер Өңірлік үйлестіру кеңесінің тиісті қорытындысында көрініс табады.