Облыс әкімі Макинск құс фабрикасының ұжымымен кездесті

Облыс әкімі Макинск құс фабрикасының ұжымымен кездесті

Жұмыс сапары аясында Бұланды ауданына барған Ақмола облысының әкімі Макинск құс фабрикасына барып, ұжыммен кездесті. Кездесу барысында құс фабрикасын дамыту перспективалары, қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі, сондай-ақ 15 наурызда Қазақстанда өтетін референдум талқыланды.

«Тәуелсіздіктің 34 жылы ішінде елімізде көптеген өзгерістер болды. Конституциялық реформа – бұл мемлекеттің заманауи шындықтарды ескере отырып, тұрақты даму моделін қалыптастыруға деген ұмтылысының көрінісі. Әңгіме мемлекеттік басқару жүйесін терең трансформациялау туралы болып отыр.

2026 жылғы Конституция жобасы – елді дамыту тәсілдерін түбегейлі жаңарту. 1995 жылғы Конституцияның озық ережелерінің сабақтастығын сақтай отырып, біз басты сұраққа жауап береміз: жаңа жағдайда Қазақстанның әділетті дамуын қалай қамтамасыз етуге болады? Біз егемендікті нығайту кезеңінен халқымыздың ұзақ мерзімді құндылықтарына негізделген саналы, жүйелі даму кезеңіне өтудеміз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы сондай-ақ құқықтық тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға, азаматтардың саяси үдерістерге қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылғанын айтты. Бұл әрбір адамның дауысы естілуі тиіс, ал қабылданатын шешімдер түсінікті әрі әділ болуы қажет дегенді білдіреді.

Құс фабрикасының қызметкерлері референдум өткізуді қолдайтындарын білдірді.

«Адамды ісіне қарап бағалайды, ал мемлекетті – адамдарға деген қарым-қатынасына қарап бағалайды дейді. Негізгі Заңның басымдығы азаматтардың құқықтарын қорғау болуы тиіс, сондықтан мен азаматтық қоғамды нығайту бағытындағы қадамдарды қолдаймын. Референдумда әрқайсымыз өз таңдауымызды жасауымыз керек, бұл – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы», – деді кәсіпорынның көлік-логистика басқармасының басшысы Ерік Икласов.