
Халықаралық «BURABAY ICE-2026» мұзды жүгірісі Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келген трейлраннинг жанкүйерлерін біріктірді. Бурабай көлінің мұзына 11 елден – Канада, Жапония, Перу, Швейцария, Косово және басқа да мемлекеттерден 700-ден астам қатысушы шығып, өз күштерін сынап, қысқы курорттың ерекше атмосферасын сезінді.
Іс-шараны Ақмола облысы туризм басқармасының, «Бурабай» ұлттық паркінің және өзге де серіктестердің қолдауымен «Экстремалды атлетика» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Жарыс 7, 14 және 21 шақырым қашықтықтарда өтті. Сондай-ақ бағдарлама аясында 7 шақырымдық скандинавиялық жүріс бойынша жарыс ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында әр қашықтықта Аким Еркебай, Жомарт Құмақбаев және Денис Степаненко жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Дана Айдосова, Флорида Минянова және Алена Маймескулова үздік шықты.
«Ақмола облысының туризм басқармасы маусымаралық кезеңде осындай ауқымды іс-шараларды белсенді түрде қолдап, бастамашы болып келеді. Бұл оқиғалық туризмді дамытуға, шетелдік қонақтарды тартуға және өңірдің халықаралық аренадағы оң имиджін нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.