
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының басшылығымен делегация Эстон Республикасы мен Финляндияға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, сондай-ақ отандық аграрлық және экспортқа бағытталған компаниялардың өкілдері болды. Сапар Мемлекет басшысының сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Делегация Таллин қаласына барып, порт инфрақұрылымымен танысты және аграрлық, сондай-ақ көлік-логистика саласының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Қатысушылар Силламяэ портының өндірістік қуаттарын зерделеп, Baltic Oil Service және Eesti Viljasalv компанияларының өкілдерімен астық экспорттау, теміржол тасымалдары және логистиканы оңтайландыру мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында көлік шығындарын субсидиялау жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар порт акционерлерімен келіссөздер жүргізіліп, алдын ала уағдаластықтар бекітілді.
Таллин портында делегация Grain Muuga Terminal астық терминалына барып, оның техникалық мүмкіндіктерімен танысты және эстондық әрі скандинавиялық трейдерлермен экспорт арналары мен бірлескен жобаларды кеңейту мәселелері бойынша кездесулер өткізді. Бұдан бөлек, Эстонияның Ауыл шаруашылығы министрлігі және асыл тұқымды ірі қара мал қауымдастығы өкілдерімен келіссөздер өтті. Мал шаруашылығын дамыту перспективалары және логистикалық әрі баға параметрлері келісілген жағдайда Қазақстанға асыл тұқымды мал жеткізу мүмкіндіктері талқыланды.
Сапар Финляндияда жалғасты. EastCham Finland Халықаралық сауда палатасында финдік Agronic Oy, Pel-Tuote Oy, Sampo-Rosenlew Oy, Suokone Oy компанияларының және Финляндия астық комитетінің өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар экспортты кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Финляндияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінде қазақстандық делегация ведомство басшылығымен келіссөздер жүргізіп, аграрлық саладағы ынтымақтастық бағыттары мен екіжақты бастамаларды қолдау мәселелерін қарастырды.
Сондай-ақ Финляндиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде Valtra компаниясымен Ақмола облысында трактор өндірісін жергіліктендіру мәселесіне арналған кездесу өтті. Финляндия тарапы ынтымақтастыққа дайын екенін білдіріп, жоба бойынша түпкілікті жауап беретінін жеткізді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша экспорттық жеткізілімдерді ұлғайтуға, логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешеніне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған келісімдерге қол жеткізілді.