Ақмола облысының Ақкөл қаласында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ақмола облысының Ақкөл қаласында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ақмола облысының Ақкөл қаласында «Akkol Resort» ЖШС мен Ақкөл ауданы әкімдігі арасында туристік нысандарды дамыту бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Akkol Resort» ЖШС Ақкөл қаласында заманауи демалыс аймағын құру жобасын іске асыру ниетін білдірді. Жоба рекреациялық инфрақұрылымды экологиялық стандарттарды сақтай отырып, тұрақты даму қағидаттары негізінде және табиғи ландшафтпен үйлесімді түрде дамытуды көздейді.

Компания өкілдерінің айтуынша, туристік кешен құрамына қонақүй, коттедж қалашығы, балалар лагері, монша кешені, этноауыл, ойын-сауық аймақтары және басқа да нысандар кіреді.

Ақкөл ауданы әкімдігі өз кезегінде аумақты дамытуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды салуға бағытталған бастамаларды қарастыруға әрі өзара ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, құжатқа қол қою Мемлекет басшысының экологиялық парктер мен рекреациялық аймақтарды дамытуға, сондай-ақ өңірлерде жайлы әрі тұрақты орта қалыптастыруға бағытталған бастамасын іске асыру аясында өтті.