
2025 жылы Қосшы қаласы өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт ішінде жаңа астаналық серіктес қала тұрақты өсу динамикасын көрсетті, инфрақұрылым белсенді дамыды және тұрғындар саны жыл сайын артты. Биылғы жоспарлар мен өткен жылдың қорытындылары туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов депутаттар мен аймақтық қоғамдық кеңес алдында есеп беру барысында айтты.
Қаланы әрі қарай дамыту аясында толық газдандыру, жаңа индустриялық аймақ ашу жоспарлануда, онда алғашқы жоба ретінде Көкшетау сүт зауытының филиалы іске қосылады. Сондай-ақ жеңіл рельстік көлік (LRT) жобасы, эко-парктердің және үш заманауи демалыс аймағының құрылысы жүзеге асырылып, саябақ ашылады.
«Төрт жыл ішінде атқарылған жұмыс ауқымды өзгерістердің бастауы болды. Бүгінде қала тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымдық өзгерістер мен тұрғындардың өмір сүру сапасының біртіндеп артуын көрсетуде. Мерейтойлық жыл жаңа, амбициялық жобаларды жүзеге асырудың бастапқы нүктесі болады, олар заманауи және қолайлы қала құруға бағытталған», – деп атап өтті өңір басшысы.
Айта кетсек, 2025 жылы жүйелі жұмыстар жүргізілді: қаланы бірінші кезең табиғи газбен қамту жүзеге асырылды, жеке инвестициялар есебінен заманауи мәдени-спорттық кешен ашылды. Бір мың адам қабылдайтын поликлиника құрылысы аяқталды, биыл 350 төсекке арналған стационар ашылады.
Республикада алғаш рет «Таза Қазақстан» және «Заң және тәртіп» қағидаларын нығайтуға бағытталған, сонымен қатар қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға арналған үлкен ЦОУ жобасы іске асырылды. Жобада бейнекамералар жасанды интеллект элементтері бар бір платформада біріктірілді.
Басты басым бағыттардың бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету болып қала береді. 2025 жылы 416 отбасы баспана кілтін алды. Бүгінде қала берілген пәтерлер саны бойынша көшбасшы болып отыр. Сонымен қатар, жаңа «Отбасы банк» бағдарламасы елімізде алғаш рет дәл Қосшы қаласында жүзеге асырылып, өз жалғасын тапты.