
Облыстық мәслихат алдында есеп берген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір елдегі жетекші өнеркәсіп орталықтарының бірі мәртебесін бекіткенін атап өтті. Облыс комбайндар, подшипниктер, кірпіш өндірісі бойынша көш бастап, алтын мен трактор шығару көлемі жөнінен екінші орынға ие болды.
«2026 жылы басымдық тау-кен саласы мен құрылыс индустриясын дамытуға беріледі. «Altyntau Kokshetau» компаниясы аумағы 590 гектар болатын кен орнының жаңа учаскесін игеруді бастады. Ал Бурабай ауданындағы «RG Gold» базасында құны 500 млн АҚШ долларын құрайтын, 1 мың жұмыс орнын ашатын жаңа алтын өндіру фабрикасын салу жоспарлануда. Сондай-ақ «Казахалтын Technology» ЖШС өндірістік нысандарын жаңғырту көзделіп отыр», – деп өңір басшысы атап өтті.
Құрылыс саласында бес кірпіш зауытын іске қосу жоспарланған. Бұл жылына 650 млн дана кірпіш өндіруге мүмкіндік беріп, тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылысты қолдауға жол ашады.
Өңірге тартылған инвестициялар рекордтық деңгейге жетті: жалпы көлемі шамамен 927 млрд теңгені құрады, оның 71%-ы – жеке инвестициялар. Инвесторларды тартудың негізгі орталықтары республикалық және өңірлік маңызы бар «Aqmola», «Kokshe Industry» және «Stepnogorsk Industrial Park» индустриялық аймақтары болып отыр. Мұнда терең өңдеу және дайын құрылыс материалдарын өндіру жобалары іске қосылуда.
Өңірдің инвестициялық портфелі 2,2 трлн теңгені құрайды, нәтижесінде 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның ішінде «Aqmola» индустриялық аймағындағы жобалар да бар. «Aqmola Invest» орталығы және оның Қытайдағы өкілдігі өңірдің халықаралық ынтымақтастыққа ашық екенін көрсетіп, ірі инвесторларды тартуда.