Ауыл шаруашылығы: рекордтық өнім және мал шаруашылығының өсуі

Ауыл шаруашылығы: рекордтық өнім және мал шаруашылығының өсуі

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсу қарқыны жөнінен елде бірінші орынға шықты. Жалпы өнім көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9%-ға артты. Облыс елдің басты астықты өңірі мәртебесін тағы да растады: орташа өнімділігі 16,3 ц/га болған 7,6 млн тонна астық жиналды, бұл – елдегі жалпы өнімнің төрттен бірінен астамы. Бұл туралы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

«Жоғары рентабельді дақылдардың пайдасына егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы майлы дақылдар егісін 600 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, бұл 2025 жыл деңгейінен 105 мың гектарға артық. Аграршылардың табысына мемлекеттік қолдау айтарлықтай ықпал етті: облыс «Кен Дала» және «Кен Дала-2» бағдарламалары бойынша 118,7 млрд теңге көлемінде ең көп қолжетімді несие қаражатын алды. Жалпы 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешен қажеттіліктеріне шамамен 245 млрд теңге бағытталды», – деді Марат Ахметжанов.

Экспорт белсенді дамуда: 22 елге 3,6 млн тоннадан астам астық жөнелтілді. Эстониядағы Muuga Grain Terminaal астық терминалымен ынтымақтастықтың арқасында облыс өнімі Еуропа нарығына шықты. Сондай-ақ Эстониямен 1 тонна майлы дақыл жеткізуге меморандум жасалды. Норвегия, Алжир, Марокко және Вьетнам жаңа экспорт бағыттары ретінде айқындалды.

Мал шаруашылығы 4,8%-ға өсіп, ет өндірісі 7,4%-ға, сүт өндірісі 2,2%-ға артты. 2025 жылы үш сүт-тауар фермасы және бір бордақылау алаңы салынды. 2026 жылы екі ірі сүт-тауар фермасын, 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосу және құс фабрикалары желісін кеңейту жоспарланып отыр.

Ерейментау ауданында ет кластерін құру жобасының маңызы ерекше. Жоба қалмақ тұқымды ірі қара малдың екі репродукторын және 30 мың басқа арналған бордақылау алаңын қамтиды. Кластер облыс пен астананы сапалы етпен қамтамасыз етіп, шағын және орта бизнес үшін экожүйе қалыптастырады әрі өңірдің ет индустриясының стратегиялық орталығына айналады.

Аграршыларды қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» және «Игілік» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары жалғасуда. Болжам бойынша, 2026 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,35 трлн теңгеге жетеді.

«Сонымен қатар елді мекендерді дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің рөлі зор. Бизнес мемлекеттік бағдарламаларды жай ғана пайдаланып қоймай, ауыл келбетін жақсартуға да қаржы бағыттауы тиіс», – деп атап өтті өңір басшысы.