Экономика саласы: жалпы өңірлік өнім мен табыстың сенімді өсімі

Экономика саласы: жалпы өңірлік өнім мен табыстың сенімді өсімі

2025 жылы алдын ала болжамдарға сәйкес облыстың жалпы өңірлік өнімі 5,1 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылғы көрсеткіштерден едәуір асты. Бұл туралы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп беру барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Өңір басшысының айтуынша, экономикалық өсім өнім мен қызмет көрсету көлемінің ұлғаюы, нысандар құрылысы, жұмыспен қамтудың және жалақының артуы есебінен қамтамасыз етілді.

«Облыс бойынша орташа айлық жалақы 13%-дан астам өсіп, 372 мың теңгеге жетті. Жекелеген салаларда өсім: өнеркәсіпте – 12%, ауыл шаруашылығы мен саудада – 22%, құрылыста – 41% болды. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 2023 жылдан бері 2 еседен астам өсіп, 692 млрд теңгеге жетті. Табыс өсіміне жергілікті аграршылардың үлесі, белсенді инвестициялар және жергілікті мердігерлерді тарту бойынша тиімді жұмыс ықпал етті», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Облыстық бюджет білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық қызметтер мен мәдени бағдарламаларды қаржыландырады. Негізгі донор – Көкшетау қаласы: барлық алымдардың 85%-ы дотациялық аудандарды қолдауға бағытталып, облыс тұрғындары үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы органдардың бақылауының арқасында «сақалды құрылыстар» – мектептер, спорт нысандары мен медициналық мекемелер аяқталды. Мысалы, Буланды ауданының Макинск қаласындағы бассейн 30 жылдық тоқыраудан кейін пайдалануға берілді.

Өңір басшысы сондай-ақ аймақтың экономикалық саясаты өндірісті арттыруға, халық табысын көбейтуге және жергілікті бюджетті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын тікелей жақсартады.