
Ақмола облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтің төрағалығымен өңір мәселелерін шешу жөніндегі ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңеске мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың және өңірдің өндірістік кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен бизнестің өзара іс-қимыл тетіктерін, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру мәселелерін қарастырды. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылым және өңірлермен өзара іс-қимыл жөніндегі проректоры Айгүл Жақыпова бизнеспен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаларды таныстырды.
А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Нұржан Булатов өнеркәсіптік кәсіпорындармен өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктері, университеттің ғылыми инфрақұрылымы және жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Олардың қатарында қалалық көлік жүйелерін зерттеу және карьерлік автосамосвал жүргізушілерін бейімдеуге арналған тренажерлік кешен әзірлеу жобалары бар.
Сонымен қатар «Гормолзавод» ЖШС мен «Тыныс» АҚ басшылары ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру барысында, сондай-ақ ҒЗТКЖ шығындары бойынша салықтық жеңілдіктерді рәсімдеу кезінде бюрократиялық кедергілердің бар екенін атап өтті.
«Кеңесте ақмолалық зерттеушілердің ірі кәсіпорындардың өндірістік үдерісіне енгізілген актілері таныстырылып, талқыланды. Сондай-ақ өңірлік ғылымды қаржыландыру және оның сұранысқа ие болуы мәселелері көтерілді. Кәсіпорындар қолданбалы зерттеулерді қаржыландырып, нәтижесінде өнімділікті арттырып, табысын көбейтіп отырған табысты кейстер бар», – деп атап өтті Ернар Жаркешов.
Отырыс қорытындысы бойынша салалық басқармалар басшылары мен ғылыми кеңес мүшелеріне бизнес субъектілері ғылыми зерттеулер жүргізуге және проблемалық мәселелерді шешуге арналған әзірлемелерге өтінімдер орналастыра алатын, сондай-ақ жобаларды іске асыру және оларды коммерцияландыру үшін серіктестер таба алатын бірыңғай ақпараттық платформа құру мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл жұмыстарды өз қаражаты, облыс әкімдігінің гранттары және «Ғылым қоры» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асыру көзделіп отыр.