
Ақмола облысы әкімдігінде Есіл контрреттегішін салу жобасы талқыланды. Жиынға ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, сондай-ақ салалық ведомстволардың өкілдері қатысты. Жоспарға сәйкес, жол картасы әзірленіп, ауқымды гидротехникалық нысанды іске асыру 2026 жылы басталады.
Контрреттегіш құрылысының қажеттілігі Ақмола облысының Есіл және Жарқайың аудандарында жыл сайын қайталанатын көктемгі су тасқыны қаупімен байланысты. Жобаны іске асыру тасқын шарықтау шегін 50%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өткен жылы жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Оның жалпы құны шамамен 103 млрд теңгені құрайды.
Жобаға сәйкес су қоймасының ұзындығы шамамен 80 шақырымды, ені 17 шақырымды құрайды. Контрреттегіштің толу көлемі 873 млн текше метрге дейін жетіп, көктемгі тасқын кезеңінде Есіл өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуін тиімді тежеуге мүмкіндік береді.
«Бүгінгі таңда Азия даму банкімен меморандумға қол қойылды, жобаны қаржыландыру мәселелері бойынша келіссөздер жалғасуда. Сәуір айында банктің жұмыс тобының сапары күтілуде, олар жоба аясындағы аумақтар мен елді мекендерге тексеру жүргізеді. Іске асыруды сүйемелдеу үшін министрліктер, «Қазсушар», сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылады», – деп хабарлады «Қазсушар» РМК жобалық офисінің басшысы Диас Оразбеков.
Қазақстанның су саласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, Есіл контрреттегішінің құрылысы 2028 жылы аяқталады деп жоспарлануда.