
Целиноград ауданының Қараөткел ауылында көпбалалы, іскер ананың жұмыс күні қала әлі тәтті ұйқыда жатқан шақта басталады. Дәл осы жерде қала тұрғындары «балалық шақтың дәмі» деп атайтын өнімдер дүниеге келеді. Ал ауыл кәсіпкері үшін бұл – күнделікті маңдай тер, үлкен махаббат пен өмірлік іс. Айгүл Қуандыкованың тарихы – жай ғана ауыл шаруашылығындағы табысты бизнес-кейс емес, мегаполистің қарбалас тіршілігін ауылдың тыныш өміріне ауыстырып, дәстүр мен дәмнен тұтас бір «империя» құра білген қалалық әйелдің терең де шынайы өмір жолы.
Айгүлдің жолы жұбайына қолдау көрсетуден басталды. Бір кездері Алматыда жұмыс істеп, клиенттермен қарым-қатынасты шебер жолға қойған ол ауылға көшіп келгенде, отбасылық шаруашылықтың зор әлеуеті бар екенін бірден аңғарды. Оған тек әйелдің ұқыптылығы мен заманауи көзқарас жетіспей тұрған еді. Кеңсе тіршілігін ауыл өміріне алмастыра отырып, Айгүл отбасылық іске кәсіпкерлік рух әкелді. Интернеттегі алғашқы хабарландырулар, 2018 жылы әлеуметтік желідегі парақшаның ашылуы – осылайша «Ауыл Берекесі» шағын қадамдармен елордалықтардың жүрегін жаулай бастады.
Айгүл алғашқы кезеңде барлығын өз күштерімен атқарғандарын еске алады. Алайда 2020 жылы «Даму» қоры арқылы жылқы өсіруге мемлекеттік қолдау алып, бұл шаруашылыққа үлкен серпін берді. Дегенмен, дамудың басты қозғаушы күші әрдайым оның өз бастамасы болып қала берді.
Бүгінде Айгүлдің шаруашылығы – әр өнімі өз тарихын баяндайтын тірі ағза іспетті. Кәсіпкердің басты мақтанышы – саумал. Емдік қасиеті мол бие сүті алыс қалалардан да адамдарды өзіне тартады. Қатаң кесте бойынша әр екі сағат сайын Қараөткелге денсаулық пен сергектік іздеген жандар келіп жатады. Сондай-ақ оның «фирмалық» айраны да кеңінен танымал. Қою, нәзік, мүлде қышқыл емес айран енесінен қалған көне рецепт бойынша дайындалады.
«Менде мессенджерде топ бар, онда күн сайын қандай өнім бар екенін, жеткізу қашан болатынын хабарлап отырамын. Сонымен қатар Instagram парақшам бар, оны көп жылдан бері өзім жүргіземін. Клиенттерімнің барлығы дерлік тұрақты, ұсыныс арқылы келетіндер де көп. Клиенттерімнің 90 пайызы – Астанадан. Олар бізге саумалмен емделу үшін келеді», – дейді кәсіпкер.
Айгүл сауу жұмысына көмекшілерді жалдап көргенімен, көп ұзамай бір нәрсені түсінген: өнімге иесінің өзі салған жан мен ықыласты ешкім сала алмайды. «Өз атымды бөтен қолдарға сеніп тапсыра алмадым», – дейді ол. Қазір өзі сауады, өзі өңдейді, өзі қаптайды. Бұл – ауыр физикалық еңбек, кейде жеке демалысты кейінге қалдыруға тура келеді. Алайда Айгүл үшін сапа – ар-намыс мәселесі.
Қуандыковтар отбасының тандемі мінсіз жұмыс істейтін механизм іспетті: жұбайы табынға жауап береді әрі саумал ішуге келген қонақтарды қабылдайды, ал Айгүл сүт өнімдерін өндірумен, тапсырыстармен және логистикамен айналысады. Күн ара Астанаға ең балғын өнімдер жеткізіледі. Бірақ Айгүл жеткен жетістігімен тоқтап қалуды білмейді.
«Қазір біз үй жағдайында дайындалатын сүт өнімдерімен айналысамыз: айран, қымыз, саумал, құрт, қаймақ, сүзбе және басқа да өнімдер бар. Алдағы уақытта бизнесті кеңейтіп, ет өнімдерінің түрін көбейтуді жоспарлап отырмыз: үй жартылай фабрикаттары, бешбармақ бокстары, ысталған өнімдер, сілікпе, тушенка, паштеттер. Бұл қазір өте сәнді, жаңа тренд», – деп бөлісті Айгүл.
Алайда бұл Қуандыковтардың фирмалық рецептерінің толық тізімі емес.
«Бұрын мен енемнің рецептісімен бауырсақ пісіретінмін. Бұл кәдімгі сақина тәрізді бауырсақ емес, мүлде бөлек технология. Оны негізінен туыстар мен достарға арнап дайындайтынмын. Қазір ассортиментке қосып, тапсырыс бойынша шығаруды жоспарлап отырмыз», – деп қосты ол.
Олар үшін өз өңірінің бір бөлшегі болу аса маңызды. Шаруашылық иелері салықты әдейі осы ауданда төлейді. Себебі олардың еңбегі балалары оқитын мектептің дамуына, туған ауылдың көркеюіне үлес қосуы тиіс деп санайды. Айгүл Қуандыкова – көпбалалы аналар туралы қалыптасқан стереотиптерді өз ісімен бұзып жүрген мықты әйелдердің бірі. Ол сүйікті ана бола отырып, өңір экономикасына ықпал ететін табысты кәсіпкер болуға әбден болатынын дәлелдеп жүр.
«Ауыл Берекесі» атауында терең мағына бар. Бұл – маңдай термен, ұйқысыз түндермен, туған жердің әрдайым оған құрметпен қараған жанды жарылқайтынына деген шексіз сеніммен келген береке. Кешке ұзақ күнгі жұмыстан кейін телефоннан алғысқа толы пікірлерді көргенде, Айгүлдің бойындағы шаршау бір сәтте сейіледі. Өйткені адамдардың ризашылығы мен өз өнімінің біреулерге денсаулық пен қуаныш сыйлап жатқанын білу – оның ең үлкен марапаты.