Ақмола облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасуда

Ақмола облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасуда

«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, Ақмола облысының аумағында су тасқыны кезеңі наурыз айының үшінші онкүндігі мен сәуір айының бірінші онкүндігі аралығында күтіледі. Синоптиктердің мәліметінше, өңірдегі қазіргі су тасқыны жағдайы өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым төмен деңгейде бағалануда. Атап айтқанда, облыс бойынша қар жамылғысының орташа биіктігі алдыңғы жылдардың осы кезеңімен салыстырғанда 32%-ға төмен, ал қардағы су қоры 42%-ға азайған. Су тасқыны қаупі бар Аршалы, Астрахан, Бұланды, Есіл, Жақсы және Целиноград аудандарында мұз қабығы жоқ. Сонымен қатар Астана, Шағалалы және Сілеті су қоймаларына су келу көлемінің төмендеуі болжануда.
«Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық ең қолайсыз сценарий бойынша жүргізілуде. Су тасқынына қарсы іс-шаралар 163 елді мекен мен автомобиль жолдарының 32 учаскесін қамтыды. 48 км каналдар мен арықтар кеңейтіліп, абаттандырылды, 40 км қорғаныш бөгеттері мен үйінділер нығайтылып, салынды, 325 су өткізу құбыры орнатылды, үш ауылдық көпір қалпына келтірілді», – деді Ақмола облысының мобилизациялық дайындық, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Оспанов.
Сондай-ақ Атбасар – Сочинское автожолындағы автомобиль көпірінің құрылысы аяқталды, жалпы ұзындығы 56 км болатын Қалқұтан, Нұра, Есіл, Шағалалы және Жабай өзендерінің арналары тазаланып, тереңдетілді, 17 гидротехникалық нысан қалпына келтіріліп, нығайтылды. Қар шығару жұмыстарына бөлінетін қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге, ал өзен арналары бойынша жару жұмыстарына – 1,7 есеге артты.
Инженерлік және су сорғылау техникасын дайындау, инертті материалдар, қаптар мен жанар-жағармай қорын жинақтау жүргізілуде, метеорологиялық және гидрологиялық деректерге тұрақты мониторинг жасалуда.
«Жүргізілген іс-шаралар 100 млн текше метрден астам еріген суды қауіпсіз өткізуге, шамамен 64 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді қорғауға, сондай-ақ 40 елді мекенде жыл сайын қайталанатын су басу мен көлік қатынасының бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді. Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда», – деп атап өтті Марат Оспанов.