Көкшетау: 2026 жылға арналған қаланы дамыту басымдықтары

Көкшетау: 2026 жылға арналған қаланы дамыту басымдықтары

2026 жылы Көкшетау қаласында қалалық ортаны кешенді дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғастырылады.

Басым бағыттардың бірі – көпсалалы облыстық аурухана салу. Бұл нысан өңірлік маңызы бар ірі медициналық орталық ретінде қалыптасып, Ақмола облысы мен елдің солтүстік өңірлерінің тұрғындарына мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

Сарыарқа шағын ауданында 2026 жылы УЕФА стандарттарына сай, 10 000 орындық заманауи футбол стадионының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жоба аясында әртүрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге және бұқаралық әрі балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға арналған футбол академиясын дамыту көзделген.

Сондай-ақ азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайларға ден қою саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған мамандандырылған оқу кешені – Азаматтық қорғау академиясының құрылысы қарастырылған.

Қалалық ортаны абаттандыру шеңберінде 2026 жылы 2025 жылы ашылған жағалаудың құрылысын жалғастырып, рекреациялық аймақты кеңейту және бірыңғай қоғамдық кеңістік қалыптастыру жоспарлануда.

Көкшетау қаласы әкімдігінде атап өткендей, аталған жобалардың іске асырылуы Көкшетау қаласының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, оның солтүстік макроөңірдің тірек орталығы ретіндегі рөлін нығайтады.